Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған 3 адам да Қырғызстаннан келген

Автор: Azattyq Rýhy

Науқастардың бір-біріне еш қатысы жоқ

Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов мәлім етті. Оның айтуынша, науқастардың бір-біріне еш қатысы жоқ. Вирус жұқтырғандардың жасы анықталған.

«Коронавирус жұқтырған үш адам Қырғызстаннан келген. Олардың бір-бірімен еш қатысы жоқ. Науқастардың жас ерекшелігі әртүрлі. Олар 29, 46, 24 жаста. Бірінші жағдай Шу ауданында тіркелсе, қалған екеуі Қордай ауданында анықталды», - деді басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, қазір вирус жұқтырған адамдар оқшауланып, тиісті ем-дом алуда.

«Бүгінгі таңда індет жұқтырған азаматтардың жағдайы бірқалыпты. Денсаулықтарына шағым жоқ. Емін алуда. Бекітілген алгоритм бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, ол кісімен қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Бүгін олар стационарға карантинге жатқызылды», - деді Марат Жаманқұлов.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан