Шахтада өрт сөндіру жұмысы жалғасып жатыр
Теміртаудағы «Қазақстан» шахтасында апаттық учаскеде гипс бөгеттерін салу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, екі учаскеде жұмыстардың 90-95% орындалды.
«Өрт ошақтарын сөндіру жұмысы жалғасып жатыр. Жұмыстарға 27 тау-кен құтқарушысы жұмылдырылды», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ авариялық учаскедегі газ жағдайы тұрақты бақылауға алынған.
Еске салайық, 17 тамызда сағат 10:05-те «Қазақстаня» шахтасынан өрт шыққан болатын. Апат кезінде 227 қызметкер жер астында болған. Апатты шұғыл жою жоспарын енгізу арқылы 222 адам жер үстіне шығарылды. Қазіргі кезде 11 жұмысшы ауруханада, оның тоғызы Қарағандыда, екеуі Шахтинскіде жатыр.
Өкінішке қарай, апат салдарына 5 адам қайғылы жағдайда қаза тапты. Кейінірек барлық бес кеншінің: Денис Стешин, Артур Халиков, Виктор Бургун, Виталий Слюнков және Илья Старовойттың суреті жарияланды.
Ел Премьер-министрі қайғылы оқиғадан кейін Қарағанды облысына барып, қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездесті және қайғылы оқиғаға кінәлілердің жазаланатынын айтты. Шахта апатына кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.