Коронавирустан жазылған екі адам үйлеріне жіберілді – Дәурен Абаев
Қауіпті індеттен айыққан азаматтар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрады

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті. Министр брифинг барысында қауіпті індеттен айығып шыққандар туралы ақпарат іздеп, олардың аты-жөнін анықтауға тырысқан БАҚ өкілдерін түсіністік танытуға шақырды.
«Дәрігерлік құпияны сақтауды еске саламыз. Ешкім коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайды. Өздеріңізді сол адамның орнына қойып көріңіздер. Олар – өз азаматтарымыз. Егер ол азаматтар туралы бір ақпарат тауып жатсаңыздар, олардың рұқсатынсыз ешкімге бермеуді сұраймыз», - деді Дәурен Абаев.
Министр алдағы уақытта дәрігерлердің коронавируспен ауырған науқастарды қалай емдейтіні туралы сұхбат ұйымдастырылатынын айтты.
Бұдан бөлек, Дәурен Абаев елдегі заңдылық пен тәртіп сақтауды қамтамасыз етуге қатысты прокуратура, полиция және Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінен құрылған мобильді топтардың жұмыс қорытындысын жариялады. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе облысында медициналық маска мен антисептикті заңсыз сатқан 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 4 млн маска мен 13 мың литр антисептик тәркіленді.
«Төтенше жағдай басталғалы ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша 15 тергеу амалы басталды. Мұндай деректер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында анықталған», - деді министр.
Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 109 адамға жетті.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан