Ақмола облысында елікке соғылған көлік аударылып, бір адам қайтыс болды

Azattyq Rýhy

Сонымен бірге, көлікте 2 жасар қыз бала болған, ол зардап шеккен жоқ

Ақмола облысында елікке соғылған көлік аударылып, бір адам қайтыс болды
Фото: Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақмола облысының Шортанды ауданында елікке соғылған жеңіл көлік аударылып, бір адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, жол апаты тамыздың 23-де сағат 22:00 шамасында «Пригородное-Жолымбет» автожолының 37 шақырымында болған. Анықталғандай, Шортанды кентінен Бектау ауылына бағыт алған 29 жастағы тұрғынның басқаруындағы «Lada Priora» көлігі жолдың үстіне шауып шыққан елікпен соқтығысқан.

Салдарынан көлік аударылып, 27 жастағы жолаушы (көлік жүргізушісінің әйелі) алған дене жарақтынан көз жұмды. Сонымен бірге, көлікте 2 жасар қыз бала болған, ол зардап шеккен жоқ.

«Қазіргі кезде, осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.