Нұр-Сұлтанға жолаушы тасыған жүргізуші коронавирус күдігімен ауруханаға жатқызылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Мальдив аралдарында демалып келген екі азаматты Қостанайдан Нұр-Сұлтанға жеткізген

25 наурызға қараған түні елорданың екі тұрғыны Талапкер ауылының маңында орналасқан өткізу-бақылау бекеті арқылы өтуге тырысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі  елордалық әкімдік сайтына сілтеме жасап.

Екі азамат Мальдив аралдарында (1 б санатқа жатады) демалып келген. Олар Нұр-Сұлтанға Қостанай облысы арқылы таксимен келген.

Такси жүргізушісі елордаға жетпей екі азаматты өткізу-бақылау бекетінің қасынан тастап кеткен.

«Өткізу-бақылау бекетінде медицина және полиция қызметкерлері азаматтардың денсаулығын тексеріп, барлық қажетті шараларды қабылдады. Олар жедел түрде стационарға жеткізіліп, коронавирус инфекциясына сараптамадан өтті», – делінген қалалық әкімдік хабарламасында.

Ал такси жүргізушісі Петропавл қаласында ұсталды. Ол да стационарға жіберілді.

Елорда әкімдігі тәртіпбұзғандар қатаң түрде жазаланатынын еске салады. Қала аумағында өткізу-бақылау бекеттері орнатылды. 22 наурыз сағат 00-ден бастап елордаға кіруге де, шығуға да тыйым салынды.

Осы аралықта қалаға келіп-кету тәртібін бұзудың 46 фактісі тіркелді, 29 тәртіпбұзушы 15 тәулікке қамауға алынды. Кей адамдарға айыппұл салынса, басқалары сот шешімін күтіп отыр.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 88 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталып отыр. Оның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 46 адам, Алматы қаласында – 34 адам, Қарағанды қаласында – 2, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Жамбыл облысында – 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам.