Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны жарты миллионға жуықтады
21 мыңнан астам адам қауіпті вирустың құрбаны болды
Бүгінгі таңда әлемде COVID-19 жаңа коронавирусын жұқтырғандар саны 471 311 адамға жетті. Бұл мәліметті worldometers.info жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ал 114 642 адам ауруынан айығып, ауруханадан шықты. Індет басталғалы бері әлем бойынша көз жұмғандар саны 21 293 адамға жетті.
Өткен тәулікте 46 003 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, COVID-19 вирусынан өткен тәулікте 2291 адам көз жұмды.
Ең көп өлім тіркелген ел әлі де Италия болып отыр, бұл елде кеше 683 адам індет құрбаны болды. Бір күнде 5210 адам ауру жұқтырып үлгерген. Жалпы, Италияда індет басталғалы бері 7503 адам көз жұмды. Бүкіл ел бойынша 74 386 коронавирус жұқтырған.
Испанияда бір тәулік ішінде 656 адам қайтыс болды. Жалпы, бұл елде індеттен көз жұмғандар 3647 адамға жетті. Кеше тағы 7457 адам ауру жұқтырып алған. Испанияда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны – 49 515 адам.
Бүгінде аталмыш дерт дендеген елдер ішінде Франция үшінші орынға шығып отыр. Бір тәулікте 231 адамынан айрылған бұл елде індет басталғалы бері 1331 адам өлімі тіркелген. Ал қауіпті вирус жұқтырғандар саны 25 233 адамға жетті, олардың 2929-ы – өткен тәулікте ауру жұқтырған.
АҚШ-та өткен тәулікте 10 941 адам қауіпті вирус жұқтырған. Бұл елде бұрын-соңды мұншама көп дерек тіркелмеген еді. Бір тәулікте 155 адам ажал құшты. Жалпы, індет басталғалы 935 азаматынан айрылған АҚШ-та ауру жұқтырғандардың жалпы саны 65 797 адамға жетіп отыр.
Иранда да бір тәулікте 143 адам көз жұмды. Ел бойынша вирус құрбандарының саны — 2077, ауруды жаңа жұқтырғандар саны — 2206, жалпы ауру жұқтырғандар саны — 27 017 адам.
Германияда бір тәулікте 4332 адам ауру жұқтырған, бұл елде барлығы 37 323 вирус жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бір тәулікте 47 адам көз жұмса, індет басталғалы 206 адам өлімі тіркеліп отыр.
Ұлыбританияда бір тәуліктегі қайғылы статистика 43 адамның қайтыс болғанын көрсетеді. Жалпы, елде аталмыш вирустан көз жұмғандар саны 465 адамға жетті. Кеше ауру жұқтырған 1452 адамды қосқанда, елде 9529 адам қауіпті инфекция жұқтырған.
Қытайда бір тәулікте алты адам бақилық болды. Бүкіл ел бойынша 81 054 адам ауру жұқтырды, 3261 адам қайтыс болды.
Қазақстанда қазіргі таңда 88 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталып отыр. Оның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 46 адам, Алматы қаласында – 34 адам, Қарағанды қаласында – 2, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Жамбыл облысында – 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам.