Ақтауда синтетикалық есірткінің аса ірі мөлшерімен өңірлік есірткі курьері ұсталды
Синтетикалық есірткіні ол Telegram мессенджеріндегі sms арқылы куратордың нұсқауы арқылы алған

Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласының ЖЭО-2 аумағындағы өнеркәсіптік аймақта Алматы облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жiгіт туристік аймаққа «жылдамдық» синтетикалық препаратын аса ірі мөлшерде сату мақсатында келген. Ол жалдамалы пәтерде тұрған.
Жеке тінту жүргізу барысында ұсталған адамнан ішінде «альфа-PvP» (жылдамдық) синтетикалық есірткі заты бар бір үлкен қара орама тәркіленді. Жалпы салмағы 788 грамм болып шықты.
Ұсталған жігіттің айтуынша, ол курьер ретінде екі айға жуық жұмыс істеген, ал Ақтауға ірі партиялармен синтетикалық есірткі сату үшін келген. Синтетикалық есірткіні ол Telegram мессенджеріндегі sms арқылы куратордың нұсқауы арқылы алған.
ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ақтау қаласының соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.
Қылмыстық іс бойынша одан әрі жедел іс-шаралар мен тергеу әрекеттері жүргізіледі.