Қызылордада жасөспірімдерге алкоголь өнімін сатқан 8 сатушы жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 102 ​кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

Фото: Polisia.kz

Қызылордада жасөспірімге алкоголь өнімін сатқан сегіз сатушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары, «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар» атты акциялар өткізілді.

Осы жылдың жеті айында облыс көлемінде ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлерімен​ 5330 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде 218 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызды, 40 жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 3934 жасөспірімнің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қызылорда облысындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клубтарда, кафе-барлар мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін анықтау, бей-берекеттіліктің алдын алу, олар тарапынан түнгі уақытта болатын құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті кешкі сағат 22:00-ден бастап рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр.

Әрбір рейд бойынша ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, топтасып жасалған құқық бұзушылықтың зардаптары, оның жауапкершілігі туралы айтылды.

Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 102 ​кәсіпкер, кәмелеттік жасқа толмағандарға және кәмелетке толмағандардың темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 5 тұлғаға, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін сегіз сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.