Ақтөбеде алаяқтың құрбаны бола жаздаған зейнеткерді такси жүргізушісі мен курьер құтқарып қалды
75 жастағы әйел алаяққа 2 млн теңге жібермек болған
8 тамызда бейтаныс адам 75 жастағы ақтөбелік зейнеткерге қоңырау шалып, оның қызы жол апатына ұшырағанын хабарлаған. Өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқ зейнеткерден мәселені шеші үшін қомақты қаражат жіберуді сұраған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ДИАПАЗОН-ға сілтеме жасап.
Ақшаны алып кету үшін зейнеткерге жеткізу қызметінің курьері келген. Зейнеткер оған қолма-қол ақшаны сөмкеге салып берген.
Тапсырыс берушінің талабы бойынша 17 жастағы велосипедші курьер сөмкені белгіленген жерде такси жүргізушісіне тапсырды. Сөмкені алған 28 жастағы такси жүргізушісі онда ақша барын байқаған. Курьерден барлық жағдайларды анықтағаннан кейін, ол бұл телефон алаяқтарының әрекеті екенін түсінген.
Жүргізуші мен курьер сөмкені полиция бекетіне алып келді. Екі миллион теңге иесіне кері қайтарылмақ.
Сергек таксист пен курьерді белсенді азаматтық ұстанымы үшін 9 тамызда Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов грамоталармен марапаттады.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтар іздеуде.