Мұнай компаниясы қызметкерлері үстінен іс қозғалды
Компанияның лауазымды тұлғалары жеке тұлғамен акционерлік қоғамның жылжымайтын мүлік объектілерінің құжаттарын қалпына келтіруге және тіркеуге қатысты жалған шарт жасасқан. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті хабарлады деп жазады Лада басылымы.
2017 жылы компания жылжымайтын мүлікке құқығын мемлекеттік органдарда техникалық паспорттау және тіркеу бойынша қызмет көрсететін жеке тұлғамен шарт жасасқан.
«Мемлекеттік қабылдау комиссиясы мен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу актілерінің түпнұсқалары мемлекеттік мұрағатта сақтауда тұратыны анықталды (қор 518, №1 тізім). Яғни, бұл құжаттарды қалпына келтіру қажет болған жоқ, себебі мемлекеттік комиссия актілерінің мұрағаттық көшірмелері тегін беріледі», - деп түсіндірді ведомство.
Криминалистің мәліметіне сәйкес, компанияның лауазымды тұлғаларынан жеке тұлға атына аударылған қаражат сомасы 2017 жылдан бастап 2018 жылға дейін 455 миллион 40 мың теңгені құрады.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 - бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету)», - деп қорытындылады ведомствода.
Ал бүгін Today.kz «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүріп жатқанын растағанын жазды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті сотқа дейінгі екі тергеуді жүргізіп жатқанын растайды. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі аталған сотқа дейінгі тергеу компанияның өтініші бойынша басталғанын атап өтті. Компания ашықтық және кез келген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көріністерін әшкерелеу саясатын ұстанады», - делінген түсініктемеде.
Сотқа дейінгі тергеуде компания жәбірленуші деп танылып отыр. Сондай ақ, бүгін белгілі Telegram канал авторы Ербол Еділов аталған компанияға қатысты бірнеше құжат жариялады. Онда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ заңгерлік қызмет көрсету үшін Абаева Айым Ерланқызымен келісім жасасқаны көрсетілген. Құны 1 млн. 650 мың теңгені құрайды. Еділов Айым Маңғыстау облысы прокурорының қызы деп жазады.