Алматыда қаржы пирамидасын құрған күдікті ұсталып, қамауға алынды

Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Алматыда қаржы пирамидасын құрған күдікті ұсталып, қамауға алынды
Фото ашық дереккөзден

Қаржы мониторнгі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Sincere System Group» (S-Group) компаниясының өкілдеріне қатысты қаржылық пирамида құрып, оны басқарды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Агенттік қызметкерлері белсенді азаматтардың араласуымен компанияның қызметін ерте кезеңде тоқтатты, ал бұл алданған инвесторлардың санын азайтуға мүмкіндік берді.

«S-Group компаниясының өкілдері салымшыларға айына 6%-дан 8%-ға дейін немесе жылына 70%-дан астам жоғары кірістілікке уәде берген. Депозиттің ең төменгі сомасы $100 құрайды. Сондай-ақ салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5 пайызы көлемінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған.

Бұл ретте клиенттерге ақшаны қабылдау фактісін растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған, салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған», - делінген ҚМА хабарламасында.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты «қамау түріндегі» бұлтартпау шарасы санкцияланды.

«Егер сіз және сіздің туыстарыңыз «S-Group» компаниясының қызметінен зардап шексе, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз», - делінген ведомство хабарламасында.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.