СҚО-да суицид жасамақ болған ер адам құтқарылды
Қазір тұрғынмен психолог жұмыс істеп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 20 метр биіктіктен секірмек болған азаматты құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бірер күн бұрын, сағат 15:00 шамасында СҚО Аққайың аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Смирново ауылының су мұнарасының басында тұрған ер адам туралы хабарлама түскен.
«Дабыл сигналы бойынша оқиға орнына полиция, ТЖ бөлімі, прокуратура, медициналық қызмет қызметкерлері келді. 44 жастағы жергілікті тұрғын 20 метр биіктіктен секіремін деп қорқытқан», - делінген хабарламада.
Сол жерде онымен аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Руслан Байжанов келіссөз жүргізді. Содан кейін мұнараның төбесіне ЖПҚ бөлімшесінің бастығы Александр Лизун көтерілген.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен дәрігерлердің сауатты бірлескен іс-қимылдарының арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Қазіргі уақытта ер адаммен психолог жұмыс істеп жатыр.