Шымкент тұрғыны Тik-Tok желісі арқылы заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырған
Соңғы бір ай ішінде оның жалпы ақша айналымы 15 млн теңге болған
Шымкентте «Tik-Tok» әлеуметтік желісі арқылы заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру фактісі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, оқиға орнын тексеру барысында «интернет желісі арқылы төрт аккаунтпен «Тринка Шамай» ойынын 1995 жылы туған азаматтың ойнатқаны анықталды.
«Өзінің жауабында ол тікелей эфир арқылы ойнатқан ТикТок аккаунттарды және ақша қаражаттарының түсуі мен аударылуын қадағалайтын банк картасын бейтаныс азаматтардан сатып алып, пайда табу мақсатында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғанын атап көрсетті», - делінген ҚМА хабарламасында.
Қарап-тексеру барысында ұялы байланыс телефондары, карта таратуға арналған аппараттар, ойын карталары, ойыншылардың есімдері көрсетілген тізім айғақты заттар ретінде тәркіленіп алынды.
«Ұялы телефонда орнатылған банк қосымшасына талдау жасау барысында соңғы бір ай ішінде жалпы ақша қаражаттарының айналымы 15 млн теңге болғаны анықталды. Заңбұзушылықтың мән-жайы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
«ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», - деді ведомство өкілдері.