Павлодар облысының екі ауданында дала өрті сөндіріліп жатыр
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі мен салдары анықталып жатыр

Павлодар облысында екі ауданда дала өрті тұтанды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық ТЖД мәліметінше, өрт сөндірушілер Май ауданындадағы құрғақ шөп өртін ауыздақтап жатыр.
«11 шілдеде сағат 14-58-де Май ауданында, Кентүбек ауылдық округінде, Кентүбек ауылының маңында ашық аумақта 4 шашыраңқы ошақта құрғақ шөп өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Болжалмалы ауданы – 173 га», - деп атап өтті ТЖД өкілдері.
Өртті сөндіруге өрт құралымдары мен мемлекеттік мекеменің 45 адамы және 12 бірлік техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ 11 шілде 15-55 сағатта Железин ауданының жанында Жаңабет ауылында ашық аумақта құрғақ шөп өрті тұтанған.
«Өрттің жалпы көлемі – 30 га. Өртті Жаңажұлдыз ауылының өрт бекетінің 3 адам және бір бірлік техника, Михайлов орман шаруашылығынан 6 адамы мен бір бірлік техника және Озерное ауылының ерікті өрт құрылымдарының 5 адамы сөндіріп жатыр», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі мен салдары анықталып жатыр.