Бостандыққа шыққан Жәкішевтің айтқаны: «Шын жүректен рахмет»
11 жыл түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты
Бүгін, яғни 19 наурызда Семей қаласындағы ОВ-156/144 қатаң режимдегі колонияда жазасын өткеп жатқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев босап шықты. Бостандыққа шыққан Мұхтар Жәкішевтің алғашқы сөзі қысқа әрі нұсқа болды.
«Қиын уақытта маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахметімді айтамын. Шын жүректен! Бұл мен үшін, менің отбасым үшін өте маңызды», - деді ол.
Естеріңізде болса, 3 наурыз күні Семей қалалық сотында өткен тыңдау кезінде судья оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған еді.
Бостандыққа шыққан Жәкішевті қарсы алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларынан 70-ке жуық адам барып, таңғы сағат 8-ден бастап қарсы алды. Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шыққан күнін тағатсыздана күткендер «Мұхтар жасасын! Алға, Қазақстан!» деп ұрандатты.
Еске салайық, «Қазатомпром» компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы ірі уран кенорындарындағы мемлекеттің үлесін сатып жіберді деп айыпталған болатын. 2010 жылы сот шешімі оған ақша жымқырды және пара алды деген кінә тағып, 14 жылға соттады. М. Жәкішев 11 жыл қамауда отырды.
Семей соты 2018 жылдың 28 қарашасында Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ. Оған себеп - 99 млрд теңге көлемінде шығынды өтемеуі. Сот Мұхтар Жәкішев екінші рет өтініш жасағанда да (2019 жылдың 24 шілдесінде – ред.) келісімін берген жоқ. Тек үшінші рет өтініш жасағанда Семей қалалық соты (3 наурызда) Жәкішевтің өтінішіне «иә» деді.
Сот шешіміне сәйкес, Мұхтар Жәкішев бақылауға алынып, жаза мерзімі толық аяқталғанша Қазақстан аумағынан шығарылмайды.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында Мұхтар Жәкішев ісі жайлы да айтып өткен.
«Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін», - деген еді.