Алматы облысында пышақ жарақатын алған екі шетелдіктің денесі табылды
Қылмыс жасады деген күдікпен Тәжікстан азаматы ұсталды

Қаскелеңде жеке үйлердің бірінен пышақ жарақатын алған шетелдік екі ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
«26 маусым күні сағат 00:50-де Қарасай аудандық полиция бөліміне 1979 жылы туған азамат С.-дан Қаскелең қаласындағы жеке үйлердің бірінен пышақ жарақаттарымен екі ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша аудандық ішкі істер басқармасында тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, соталды тергеу басталды», – деп жазды ол.
Қаза тапқандардың 1989 және 1996 жылы туған Тәжікстан азаматтары екені анықталды. Қылмыс жасады деген күдікпен сол республиканың 1980 жылы туған азаматы ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.