Бас прокуратура іс тоқтатылса да, оны халықаралық іздеуден алып тастамаған көрінеді
Қазақстандық азамат үш күннен бері Армения шекарасынан өте алмай тұр. Оған ер адамның бір жыл бұрын халықаралық іздеуде болғаны себеп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысының тумасы Шарупов Тимур Армения шекарасынан бейнежазба жариялап, Мемлекет басшысынан көмек сұрады. Оның бейнеүндеуі әлеуметтік желіде жарияланды.
«23 маусым күні мен Қазақстаннан Грузияға ұштым. Грузиядан Арменияға бет алдым. Армения шекарасында мені шекарашылар ұстап, полиция бөліміне жеткізіп, мән-жай анықталғанша, 4 сағат ұстады. Ол жерде мені халықаралық іздеуде болғандықтан ұстағанын айтты. Алайда бұл іс осыдан 1 жыл бұрын тоқтатылған болатын. Соған қарамастан мені Бас прокуратура бір жылдан бері халықаралық іздеуден алып тастамаған.Кейін мені Армения полициясы босатты. Осы жайттан кейін мен Грузияға қайта өтпек болғанымда, Армения шекарашылары мені қайтадан ұстап алды. Және олар маған халықаралық іздеуден алынбайынша, ел шекарасынан шыға алмайтынымды ескертті. Енді мен үш күннен бері Армения шекарасында тұрмын. Елшілік маған ешқандай көмек көрсетпеді. Бас прокуратура «күтіңдер» дегеннен басқа жауап айтпады. Ал енді мен неге Бас прокуратураның немқұрайлылығынан зардап шегуім керек. Шара қолдануыңызды сұранамын», - деді Тимур Шарупов.
Бейнежазба жарияланған парақшада шекарада тұрған жерлесіміздің ішетін суы да, жейтін тамағы да жоқ екені жазылған.