Шымкентте Jýsan Bank бөлімшесін тонамақ болған ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол муляж-гранатамен қорқытып, кассадағы ақшаны алып кетпекші болыпты

Шымкенттегі Jýsan Bank бөлімшесін тонамақ болған 1971 жылғы ер азаматты банктің күзетшісі ұстаған. Күдікті оқу гранатасымен қорқытып, кассадағы ақшаны алып кетпек болған, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Банк қызметкерлері мен клиенттері арасында зардап шеккендер жоқ.

«Күннің екінші жартысында банк бөлімшесінің кассасына ақша айырбастау үшін бір ересек адам жүгінді. Кассирге ер адам электронды кезек талонымен бірге «Бомба» деген жазуы бар қағаз парағын тапсырды. Содан кейін кассирден барлық қолма-қол ақшаны беруді сұрады, ал барлық отырған клиенттер мен қызметкерлерге гранатаны көрсетіп, ешкімнің қозғалмауын және қарсылық көрсетпеуді талап етті», - делінген аталған хабарламада.

Күдіктімен бірінші келіссөзді банктің күзетшісі жүргізіпті. Кейін ол ер адамның қолындағы гранатаның муляж екенін біліп қойып, күдіктіні залалсыздандырған. Артынша полиция қызметкерлері де оқиға орнына жеткен.