Куәгерлердің айтуынша, жарақат алған бала футбол қақпасына мініп, тербеліп отырғанда құлап кеткен
Маңғыстау облыстық білім басқармасы футбол алаңында жарақаттанған жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты тексеріс бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Басқарма өкілдері жазатайым оқиға болған күні балалар Ақтау қаласындағы №9 мектеп аумағында орналасқан футбол алаңына ескертусіз кіргенін айтады.
«Куәгерлердің айтуынша, жарақат алған бала футбол қақпасына мініп, тербеліп отырғанда құлап кеткен. Сол сәтте куәгерлер жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жатқызылған. Білім басқармасы ресми тергеуді бастады және тиісті шаралар қабылданады», - деді білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ал, Маңғыстау облыстық Полиция департаментіне жасөспірімнің ата-анасы мен заңды өкілдерінен ешқандай өтініш түспеген. Сондықтан, іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілмеген.
Еске салсақ, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ақтауда басына футбол қақпасы құлаған жасөспірім қайтыс болған еді.