Павлодарда үйінде жауынгерлік граната сақтаған тұрғын сотталды
Ер адам қаруды шкафта сақтаған
Павлодарда үйінде жауынгерлік граната сақтаған тұрғын сотталды. Ер адам жауынгерлік гранатаны шкафта сақтаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, қала тұрғыны жауынгерлік гранатаны Ертіс жайылмасынан балық аулауға барған кезде тауып алғанын айтқан. Бұдан кейін оны үйіне әкеліп, шкафқа салып қойған.
«Бұл ренд-5 маркалы жауынгерлік граната. Бұрын әуе-десанттық әскерлерде қызмет еткенмін, сондықтан жауынгерлік қару жайлы жақсы білемін. Өткен жылдың желтоқсанында әпкем екеуміз ішімдік ішіп отырған кезде жанжал туындап, әпкемді қорқыту үшін шкафтан гранатаны алып шықтым. Ол гранатаны көріп қорқып, баспалдақ алаңына жүгірді. Сол жерде полиция қызметкерлерін шақырды», – дейді ер адам.
Павлодар қаласының № 2 соты ер адамды ҚР ҚК 287-бабының үшінші бөлігі «қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша кінәлі деп таныды. Қала тұрғынын жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартумен үш жылға бас бостандығы шектелді.
Ер адам пробация қызметінің бақылауында.