Жұмбақ өлім: Ақтөбеде 19 жастағы студент 7 қабаттан құлап мерт болды
Полициядағылар ҚР ҚК 105-бабы (суицидке дейін жеткізу) және ҚР ҚК 120-бабы (зорлау) бойынша қылмыстық істер бастады

Ақтөбеде 19 жастағы қыз 7 қабаттан құлап көз жұмды. Бойжеткенді әлдекім итеріп жіберді ме, әлде мұндай қадамға ол өзі бар ма әлі де жұмбақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Диапазонға сілтеме жасап.
Оқиға 8 маусым күні Тургенев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Қыздың өлі денесі ауладағы гүлзардың жанынан табылған.
«Бұл пәтерде не болғаны белгісіз. Бізге әділдік керек. Әйгерім ішпейді, темекі шекпейді. 7 маусым күні кешке мен оның телефонына қоңырау шалдым, бірақ ол жауап берген жоқ, түнгі сағат екіде де, үште де жауап болмады. 8 маусымда таңертең тағы хабарластым, бірақ жауап болмады. Ал түскі уақытта телефоны сөндірулі болды, хабарламалар жетпеді. Оған бірдеңе болғанын сездік, біз оның ең жақсы достарымыз, ол өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес. Мен оған не болғанын білгім келеді және кінәлілердің жазаланғанын қалаймын», - дейді қайтыс болған бойжеткеннің құрбысы Әйгерім.
Әлеуметтік желілерде қыздың денесі табылған кезде, ол тек футболкамен болғаны және оның жанында сөмкесі де, телефоны да жоқ екені жазылды.
Ақпараттық порталдың тілшілері қайғылы оқиға болған тұрғын үйге барды. Үйдің кіреберістерінде бейнекамералар бар. Оқиға болған пәтерді криминалистер мөрмен жауып кеткен.
Қазір Ақтөбе қаласы ПБ №1 полиция бөлімі ҚР ҚК 105-бабы (суицидке дейін жеткізу) және ҚР ҚК 120-бабы (зорлау) бойынша қылмыстық істер бастады.
«Бірқатар сараптамалар тағайындалды, тергеу жалғасуда. Күдікті анықталып, ұсталды. Қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Тергеу барысы облыс ПД басшылығымен жеке бақылауға алынды», - деді Ақтөбе қаласы ПБ бастығының орынбасары Ерболат Мұсабаев.