Күдебаевтың Қырғызстанға қалай қашқаны белгілі болды

Аягөз Құрмаш

Ол Кеген ауданында шекарадағы темір тордың астын көтеру арқылы өтіп кеткен

Күдебаевтың Қырғызстанға қалай қашқаны белгілі болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Серік Күдебаевқа қатысты тың мәлімет айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа қатысты қосымша қозғалған қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды.

Тілшілер спикерден бұл іс бойынша айыптылар қатарында кім бар екенін сұрады.

«Ең басты айыпталушы - Күдебаевтың өзі. Берген жауабына сәйкес, ол шекарадан тыс жерден қырғыз мемлекетіне өтіп кеткен. Оны шекараға жеткізген көлік жүргізушісі Күдебаевтың осындай әрекетке баратынынан беймәлім болған. Сол себептен Серік Күдебаев өзі ғана жауапкершілікке тартылып жатыр. Ол шекара пункт корпусынан өтпеген, Кеген ауданында шекарадағы темір тордың астын көтеру арқылы өтіп кеткен. Бұл - оның берген жауабы», - деді Бас прокуратура өкілі.

Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін экс-басшыға қосымша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Серік Күдебаевқа қосымша тағы қанша жыл берілуі мүмкін екенін айтпады.

«Бұл туралы айта алмаймын. Бұл соттың құзыретінде», - деп қысқа қайырды спикер.

Еске салайық, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев билігін асыра пайдаланды деп айыпталған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, Полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Бүлікшілер сол жерден қару-жарақ ұрлап кеткен.

Жақында сот үкімімен Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.