Жұмысшылар құрылыс алаңында ажал құшқан
Шымкенттегі құрылыс алаңдарының бірінде шетелдік төрт жұмысшы қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Астана» арнасына сілтеме жасай отырып.
Жұмысшылардың денесі контейнерден табылған. Белгілі болғандай, олардың бәрі Өзбекстан азаматтары болып шықты. Тағы бір жұмысшы ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы оқиға жиһаз цехының құрылыс орнында болған. Ер адамдар контейнерде түнеп жүрген екен. Контейнер ішінде металдан жасалған қоқыс жәшігі болған, алдын ала болжам бойынша жұмысшылар сол қоқыс жәшігіне от жағып, жылынып жүрген. Олар жәшіктен шыққан улы иістен көз жұмуы мүмкін деген болжам айтылуда.
«Жылынып әрі киімдерін кептіру үшін қоқыс жәшігіне көмір салып от жағып жүрген. Жұмыскерлердің өлім құшуына сол жағдай себеп болуы мүмкін», – дейді Шымкент ТЖД бастығы Нұрболат Дербісов.
Белгілі болғандай, Өзбекстан азаматтарының Шымкентке келгеніне көп бола қоймаған, олар аула сыпырушы болып жалданған екен.