Алматы облысында жалған хабар берген «телефон террорисі» сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысының Талғар аудандық соты терроризм туралы жалған хабар берген азаматты 2,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы Алматы облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Былтыр 25 сәуірде белгісіз біреу Талғар аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне қоңырау шалып, Талғар ауданындағы кенттердің бірінде орналасқан су каналында жарылғыш құрылғы орнатылғанын хабарлаған.

«Алынған ақпарат бойынша бірден қоңырау шалушының жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешені ұйымдастырылды. Жарылғыш құрылғыны іздеуге ауданның барлық шұғыл қызметтері қосылды. Қоңыраудың ұялы телефоннан келіп түскені бірден анықталды. Бірнеше сағаттан кейін осы ауылдың еш жерде жұмыс істемейтін жергілікті 1977 жылғы азаматы ұсталды. Күдікті бұрын бірнеше рет сотты болған. Бұған дейін ол  түрлі қылмыстарды жасағаны үшін 8 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соңғы рет 2016 жылы осыған  ұқсас әрекеті үшін , яғни көрінеу жалған ақпарат бергені үшін істі болғаны анықталды», - дейді Алматы облысы ПД-ның өкілдері.

Алматы облысының Талғар аудандық сотымен күдікті азамат  ҚР ҚК- нің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеумен 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.