Солтүстікте темекі тұқылынан үй өртеніп, қожайыны тірідей жанып кетті
Құтқарушылардың сөзіне қарағанда оттың шығуына қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово ауылында жер үй өртеніп, қожайыны жанып кетті. Құтқарушылардың сөзіне қарағанда оттың шығуына қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Төтенше жағдай орнына көршілес Новоникольское ауылынан екі өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамнан он адам жіберілген. Оқиға орнына құтқарушылар жеткенше от қамыс үйдің төбесін түгел шарпып үлгерген. Өрт сөндірушілер су бүрки бастаған кезде қызыл жалынға оранған шатыр опырылып ортасына түскен. Тілсіз жауды ауыздықтауға «Леваш» және «Михайленко» өртке қарсы ерікті құрылымдар мен олардың техникасы да жұмылдырылған.
Құтқарушылар бір сағаттан артық уақыт бойы бет қаратпас жалынмен арпалысқан. Жанып кеткен үйдің қалдықтарының арасынан 1947 жылы туған ер адамның мүрдесі табылды. Кейін анықталғанындай ол аталған үйдің қожайыны болып шықты.
Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының пайымдауынша, өрт сөндірілмей қалған сіріңке немесе темекі тұқылынан шыққан. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың салдары адам өліміне себеп болып отыр. Жалпы аумағы 72 шаршы метр баспана отқа орнанып, есік алдында тұрған автомобиль жартылай өртеніп кетті. Мамандар шығынның нақты көлемін есептеуде.
«Өрт пен адам шығынының алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте ескертеді. Әсіресе жылыту маусымында пеш пен электр құрылғыларын пайдаланған кезде абай болу қажет. Аңдамай жасалған қадам осындай трагедияға алып келуі мүмкін. Сақтықта қорлық жоқ», - дейді СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО