Жетісу облысында жоғалып кеткен 72 жастағы зейнеткер ескі әскери полигон маңынан табылды
Жалғыз өзі жүрген әйелді жергілікті шопандар байқаған
Жетісу облысында жоғалып кеткен 72 жастағы зейнеткер ескі әскери полигон маңынан табылды. Бұл туралы Жетісу облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Панфилов ауданында жоғалып кеткен Орынбүбі Мұханова табылды. 13 мамырда үйінен шығып кеткен зейнеткерді іздеу шаралары үш күннен астам уақытқа созылды. Әлсіреген қарт өзінің туған Лесновка ауылынан 15-20 шақырым жердегі ескі әскери полигонның жанынан табылды.
Полицейлер әйелді іздеу жұмыстарына туыстарынан бөлек, волонтерлер, шекарашылар мен жергілікті халықты (барлығы 100-ге жуық адам) тартты.
Іздестіру тобының бірі қалың тоғай арасынан әжейдің орамалын тауып, іздеу бағытын анықтай алды.
«Жалғыз өзі жүрген әйелді жергілікті шопандар байқап, оның ізіне түсіп келе жатқан іздеушілерге хабарлаған. Тамақ пен сусыз ол өте әлсіреп қалған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін туыстары әжейді үйіне алып кетті», - делінген хабарламада.