«Мүгедек баланы ұрып-соққан»: Ақтөбеде бала ұру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі баланы ұрып-соққан медицина қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар24»-ке сілтеме жасап.

Оқиға №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған. Прокурорлардың айтуынша, 8 жастағы ойын баласы зардап шеккен. Қазір қылмыстық іс қозғалып, полицейлер тексеруге кіріскен. Бұл орталықта негізінен ақыл-есінің дамуы, кенжелеп қалған жеткіншектер тұрады. Балалар 5 жастан бастап, кәмелет жасына толғанға дейін, медицина қызметкерлері мен күтушілердің қарауында болады.

«Мұндай дерек екінші рет қайталанып тұр. 2022 жылы осындай дерек болды. Үкім шығып қазіргі таңда үш тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - дейді Ақтөбе қалалық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Ләззат Тайланова.