Көкшетауда тұрғын үйде газ жарылды
Оқиғадан зардап шеккендер жоқ
Көкшетауда тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінің балконында газ плитасын жағу кезінде жарылыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға облыс орталығындағы Наурызбай батыр көшесі 130 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйде болған. 10 мамыр күні сағат 12:29-да «101» пультіне қоңырау түскен.
«Оқиға орнына барған ТЖД қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің екіншісі қабатындағы балконда газ-ауа қоспасының жарылғанын анықтады. Шақырту орнына ТЖД жеке құрамынан 18 адам және арнайы өрт сөндіру техникасы тартылды. Зардап шеккендер жоқ», - деді Көкшетау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Максим Шатковский.
Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалуға болады.