Өскеменде өрт сөндірушілер отқа оранған үйден 2 адамды аман алып шықты

Azattyq Rýhy

Тілсіз жаудың шығу себебі – темекі шегу кезіндегі абайсыздық

Өскеменде өрт сөндірушілер отқа оранған үйден 2 адамды аман алып шықты
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Өскемен қаласында өрт сөндірушілер отқа оранған үйден 2 адамды аман алып шықты. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, бүгін қала көшелерінің біріндегі тоғызқабатты үйден өрт шыққан.

«Алтыншы қабатта орналасқан пәтер отқа оранды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Олар түтін тұмшалаған подъезден 25 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялады. Содан соң пәтер ішіндегі жалынды ауыздықтауға кірісті. Сол кезде іште 2 адам болған. Жылдам әрекет еткен ТЖД қызметкерлері әйел мен ер адамды құтқарып қалды», - делінген хабарламада.

Денесін күйік шалған ер адам ауруханаға жатқызылды. Ал әйелді жедел жәрдем дәрігерлері тексеріп, денсаулығына ешқандай залал келмегеніне көз жеткізді.

Құтқарушылардың үйлесімді іс-қимылдарының арқасында өрт көрші пәтерлерге таралған жоқ. Белгілі болғандай, тілсіз жаудың шығу себебі – темекі шегу кезіндегі абайсыздық.

Айта кетейік, өртті сөндіруге жеке құрамнан барлығы 13 адам мен 4 техника жұмылдырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.