Өскеменде қымбат көлікті қасақана өртегендер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның қылмысқа не үшін барғаны анықталып жатыр

Көрнекі фото

 
Өскемен қаласында полицейлер қымбат көлікке май шашып, өртеп жіберген екі азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгісіз біреулер тұрақта тұрған «Лексус-570» маркалы көлікті қастық оймен жағып жіберген. Иесіне келген шығын – 22 млн теңге.

«Сол маңдағы көше камераларын тексеріп шыққан полиция қызметкерлері экраннан түнгі сағат 2-нің шамасында белгісіз бір ер адамның көлікке жақын келіп, алдыңғы сол жақ дөңгелегіне сұйықтық шашып, от қойғанын көреді. Қаскөй көп тұрмай, оқиға орнынан ізін жасырып үлгереді. Бірақ күдікті қолға түсті»,- делінген хабарламады.

 27 жастағы жұмыссыз азамат  изоляторға қамалды. Оның қылмысқа не үшін барғанын тергеу анықтап жатыр. Полицейлер көлік тұрған жерге оны жеткізіп тастаған сыйбаласын да анықтады.