Павлодар облысында вахтерды балағаттаған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Оқиға ауылдардың бірінде колледж жатақханасында болған

Павлодар облысында колледждердің бірінің жатақханасында 15 жастағы кәмелетке толмаған жеткіншек вахтерге балағат сөздер айтқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған құқық бұзушылық үшін жасөспірімнің ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған жеткіншекпен және оның заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Жасөспірімнің заңды өкілдеріне 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуының 343 фактісі анықталды. Барлық ата-аналар ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Сондай-ақ, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол берген ойын-сауық орындарының 27 иесіне әкімшілік материалдар толтырылған.