$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.04.2023, 08:56
Оқиғалар

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған тұрғын 200 адамды алдап кеткен

Оған сот үкімі шықты

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған тұрғын 200 адамды алдап кеткен
Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде «ЦентроФинанс» қаржы пирамидасын құрушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

Қалалық №2 соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, сот Т. есімді азаматтың қаржы пирамидасын құрып, оны 2019 жылдың 1 желтоқсанынан 2020 жылдың 22 ақпанына дейін басқарғанын анықтады.

«Ол 192 адамның жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам жинақ ақшасын алдап алған. Салымшыларға келтірілген шығын 825 миллион теңгені құрады», - делінген хабарламада.

Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты.

«Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, сотталушының өкінетіні, асырауында кәмелетке толмаған баланың болуын және қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оны жеті жыл мерзімге коммерциялық және қаржылық ұйымдарда лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті», - делінген әділет органының хабарламасында.

Ер адам алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары