Қазіргі кезде аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды
Шахтинскіде өртенген пәтерден «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының адвокаты Ирина Эмнің пышақ жарақаты бар мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Патриот телеграм-арнасының жазуынша, мәйіт түскі уақытта пәтердегі өртті сөндіру кезінде табылған. Бұл ақпаратты Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті растады.
«Бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде, жалпы алаңы алты шаршы метрдегі жиһаздары мен тұрмыстық заттар жанған. Өрт орнынан 1969 жылы туған әйелдің мәйіті табылды. Төтенше жағдайлар департаментінің күштері подъездегі пәтерлерден тоғыз адамды эвакуациялады. Өрт сағат 13:25-те оқшауланып, 13:31-де толығымен сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп түсіндірді ТЖД баспасөз қызметі.
«АрселорМиттал Теміртау» адвокатының өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта оқиғаға кінәлі тұлға мен мән-жайды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша ПД өкілдері.