Түркияда атыс кезінде Қазақстан азаматы оқ жарақатын алды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Қазақстан азаматы Түркияда жүргенде оқ жарақатын алған. Аталған жайтқа қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Ведомствоның мәліметінше, ер адам консулдыққа хабарласып, жарақаты туралы хабарлаған. Консул дереу зардап шеккен азаматқа барып, оны жергілікті ауруханаға жеткізген.

Медициналық тексеруден кейін денедегі оқты алу операциясы өтеді, қазір отандасымыздың жағдайы бірқалыпты. Жәбірленушінің жанында әйелі бар.

«Алдын ала болжам бойынша, жерлесіміз жергілікті азаматтар арасындағы атыстың кездейсоқ құрбаны болған. Ол үйге келе жатып, үйге кіре берген кезде оқтың бірі оған тиген. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - делінген СІМ хабарламасында.

Кей БАҚ мәліметінше, 31 жастағы қазақстандық азамат отбасымен Түркияда болған. Ол екі жасар қызын емдетуге әкелген.