Ауа райына байланысты республикалық жолдардың 14 бөлігіне шектеу қойылды
Өткен тәулікте 65 көлік қар құрсауынан шығарылды
Бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық трассалардың 14 учаскесінде жол қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық желіде 500 бірлік арнайы техника күтіп-ұстау жұмыстарын атқарып жатыр.
«Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 3 облыста (Ақмола, Қарағанды, Павлодар) ауа райы жағдайының нашарлауына байланысты (жаңбыр, қар, боран) жалпы ұзындығы 1652 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдардың 14 учаскесінде немесе республикалық маршруттардың жалпы ұзындығының 6,6%-ында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ қар тазалау жұмыстары тәулік бойы күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.
«Күн күрт суып кеткен күннен бастап жолшылар шамамен 2 мың м3 көктайғаққа қарсы материал пайдаланды», - делінген хабарламада.
Тақырыпқа орай: Астанада соңғы 3 тәулікте бір жарым айдың нормасынан аса қар жауды
Республикалық маңызы бар жолдарға 500 бірлік арнайы техника мен 480 маман жұмылдырылған.
Өткен тәулікте жолшы мамандар қар құрсауынан 65 көлікті шығарды.