Филиппинде жолаушылар кемесі өртеніп, 31 адам қаза тапты
Қаза тапқандар арасында балалар да бар

Филиппин аралдарында жолаушылар кемесі өртеніп, кем дегенде 31 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жергілікті басылымның хабарлауынша, сәрсенбі күні кешке Филиппиннің оңтүстігіндегі Басилан провинциясының жағалауында жолаушылар кемесі өртеніп, кем дегенде 12 адам, оның ішінде үш бала қаза тапты. Балалардың бірі 6 айлық болған.
Белгілі болғандай, Балук-Балук аралында өрт шыққан кезде Lady Mary Joy кемесі 200-ден астам жолаушыны алып бара жатқан.
Бастапқыда 12 адам қаза тапты деп хабарлағанымен, кейінірек кеме ішінен тағы 18 адамның денесі табылды.
Губернатор Джим Хатаман-Суллиманның айтуынша, тағы бір дене сумен ағып, Исабела қаласының маңындағы жағалаудан табылған.
Жолаушылардың көпшілігі құтқарылғанымен, жеті адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
«Кемеде барлығы 230 адам болғандықтан, жоғалғандар саны көп болуы мүмкін. 195 адам құтқарылды, 35 экипаж мүшесі де аман қалды. Жарақат алғандардың бәрі ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.
Қазірше өрттің неден шыққаны белгісіз.