Түркістанда бесінші қабаттан секірмек болған әйел құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол полицияға хабарласып, өлгісі келетінін айтқан

Фото: ашық дереккөзден

Түркістандық полицейлер бесінші қабаттан секірмек болған әйелді құтқарды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Түркістан қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне белгісіз әйелден өзін жайсыз сезініп, өлгісі келетінін айтқан хабарлама түсті. Осы хабарлама бойынша оқиға орнына 5 минут ішінде шұғыл жедел-тергеу тобы жетті. Олар көпқабатты тұрғын-үйдің бесінші қабатынан белгісіз әйелдің өз-өзіне қол жұмсамақ болып, балконнан секіруге оқталып тұрғанын көреді», - деп жазылған хабарламада.

Оқиға орнына жеткен учаскелік полиция инспекторлары Болат Оразбеков, Қайрат Нармухамедов, Нұрғиса Жұмабай тез арада жоспар құрып, әрекетке кіріскен. 

«Болат Оразбеков әйелді сөзге тартып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асырып, оның секіруіне кедергі келтіріп тұрды. Ал Нұрғиса мен Қайрат құлыптаулы болған пәтердің есігін бұзып кіріп, өлгісі келген әйелді балконда салбырап тұрған жерінен құтқарып қалды», - дейді полиция өкілдері.

Аталған жайт Түркістан қалалық Полиция басқармасына ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.