Прагада қымбатшылықтан шаршаған халық наразылыққа шықты

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Олардың басты талабы – ел үкіметінің отставкасы

Фото: euronews.com

Прага орталығында мыңдаған адам наразылық акциясына шығып, ел үкіметінің отставкасын талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Euronews агенттігінің жазуынша, «Чехия кедейлікке қарсы» атты ұранмен өткен наразылық акциясына келгендер ел үкіметінің отставкасын талап еткен. Сондай-ақ, акция кезінде Чехия Украинаға көмекті тоқтатып, өз халқының жағдайына назар бөлсін деген талап айтылды. Айта кетейік, шараны жаңа, парламенттік емес PRO партиясы ұйымдастарған.

«Украинаны қолдау үшін ел бюджетінен қанша қаражат бөлінді? Ресей мен Украина арасындағы соғыста біздің үкімет бейбіт келісімге қол жеткізуге талпынудың орнына отқа май құйып отыр», - дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Иржи Ганц.

Ал, Чехиядағы инфляция деңгейі қазір рекордтық көрсеткішке жеткен. Украинадағы соғысқа байланысты энергия тасымалдау құралдарының қызмет ақысы өскен соң елде жаппай қымбатшылық басталған. Чехия билігі болса Киевке қару-жарақ жіберіп, жарты миллионға жуық босқынды қабылдап алған.