Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
3 наурыз күні Атырау қаласындағы А. Құнанбаев көшесі, 30 «А» үй мекен-жайында орналасқан бес қабатты үйден өрт шығып, ол сөндірілген. Өрт пәтерлердің бірінде болған және балкон арқылы тараған. Қалған үйлер зардап шекпеген. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
«Сағат 16:14-те хабарлама келіп түсті, сағат 16:54-те өрт толығымен сөндірілді. Атырау облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ қызметкерлері сатының көмегімен 12 адамды құтқарды, олардың 5-уі кәмелетке толмаған балалар. Баспалдақпен 37 адам эвакуацияланды, оның ішінде 7-уі балалар», - делінген хабарламада.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.