Тұрғындарды 77 млн теңгеге алдап соққан: қаржы пирамидасын ұйымдастырған шымкенттік сотталды
Ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды
Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ПК «GAP» пирамидасына қатысты қылмыстық істі аяқтады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Еліміздің оңтүстік облыстарының тұрғындарымен міндетті кіру жарнасы 240 мың теңгені құрайтын тұрғын үй немесе автокөлік алуға жәрдемдесу және одан әрі жинақтау үшін ай сайын 75 мың теңге көлемінде қаражат төлеу туралы келісімдер жасаған күдікті анықталды. Ақшасын салған азаматтар баспана мен көлікті ала алмады», - деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаментіне жүгінген 33 азаматқа келтірілген шығын көлемі 77 миллион теңгеден асты.
Сот үкімімен ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.