$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жер сілкініп жатқанда адамдарды іздедік»: Түркияда қазақстандық құтқарушылар қалай жұмыс істеді?

Қазақстандық құтқарушылар екі апталық ауыр жұмыстан кейін үйлеріне аман-есен оралды

«Жер сілкініп жатқанда адамдарды іздедік»: Түркияда қазақстандық құтқарушылар қалай жұмыс істеді?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Екініші эшалонмен барған қазақстандық құтқарушылар жермен-жексен болған үйлердің астынан 3 адамды аман алып шықты. Бұдан бөлек, олар 18 марқұмның денесін үйінді астынан шығарған. Құтқарушылар елге орала салысымен Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берді.

Қарағандыдан құтқарушылардың қатарына шұғыл қосылған Нұрлан Мұқашев 7 ақпан күні Түркияның Газиантеп қаласында ұшқан. Одан әрі қарай Нурдагы қаласына барыпты. Құтқарушылар жеткен кезде де жер сілкінісі болып жатқан. 

«Алғашқы күндері жер кәдімгідей шайқалып, күніне 2-3 рет зілзала болатын. Алғашында қорықтық. Кейін үйрендік.                                     

Бір әйел адамды қызымен бірге шығарып алдық. Сосын тағы бір ер адамды шығардық. Оларды үйінді астынан қазып, тауып алдық.

Тірі табылғандар жер сілкінісінен кейін 3 күн өткен соң құтқарылды. Табылған әйелдің жасы 40 шамасында, қызы 24-те. Ал құтқарылған ер адам 40 жаста. Тірі қалғандар үй құлаған кезде бір жағы қирамай қалған блок плитаның астынан табылды.

Біз қазып-қазып, бір-екі минут үнсіз тұрамыз. Адамды іздейтін иттеріміздің көмегі көп тиді»,-дейді Қарағанды қаласынан барған арнайы құтқару жасағаның құтқарушысы Нұрлан Мұқашев.

Қарағандыдан бас-аяғы 15 құтқарушы Түркияға барған. Сондай-ақ, олармен бірге 12 дәрігер де алғашқы көмек көрсетуге аттаныпты. 16 сағат үздіксіз жұмыс істеген олар, үйінді астында қалған адамдардың туыстары еңіреп көмек сұрағанда барынша көмектесуге тырыстық дейді.

«18 адамның денесін шығардық. Құрал-саймандарымызды өзімізбен бірге алып бардық.

Құлаған үй жеті қабатты. Қайтыс болғандар жертөлеге дейін түсіп кеткен. 16 сағат жұмыс істедік. Палаткада жаттық. Күндіз жылы, бірақ кешке қарай қара суық, жел болатын.

Құтқарылған адамдар жылап тұрып алғыстарын айтты. Біреуі балам, әкем, ағам, туысым осы үйде жатыр деп айтып жатты. Олардың зар-мұңын, ауыр қайғысын естіп, көзбен көрген соң шамамыз жеткенше соңына дейін іздедік, оларға қарап тұрып ас та батпады.

Мұндай қасіретті жағдай әлемде болмасын, көзбен көру өте ауыр»,- деді ол.

Нұрлан Мұқашевпен бірге құтқарушы Теміртау қаласынан Айдар Шорманов та барған. Ол құрбан болғандардың көбі баспалдақтан табылды дейді.

«Біз Түркиядағы апатты аймақта 12 күн болдық. 6 этажды екі үйдің астынан адамдарды іздедік.

Мәйіттер ішінде балалар да болды. Олардың көбі баспалдақ жақтан табылды.

Тірі қалған туған-туыстары бізге ғана үміт артып тұрды. Тірі адамды тапқанда өзіміз де, олар да қатты қуандық.

Құтқару кезінде адамдармен ақылдасып, эксковатормен жол ашып, соған біздің жетекшіміз кіріп алдымен «тірі адам бар ма?» деп айғайлайды. Қасымызда бір аудармашымыз болды. Сол кезде екі әйел адамның даусы шықты»,-дейді құтқарушы Айдар Шорманов.

Жойқын зілзаладан кейін аман-есен құтқарылған адамдар өздерінің екінші қабаттан жертөлеге көзді ашып-жұмғанша құлағанын айтыпты. Құтқарушылар олардың бір құдайдың құдіретімен аман қалғанын алға тартты.

«Мұндай қатты зілзаладан аман қалу мүмкін емес. Бұл бір жаратқанның құдіреті. Адамдар үш күн бойы нәр татпай, таза ауа жұтпай шыдаған. Біз шығарып алғанда әбден шөлдегендерін көрдік, өңдері қуарып кеткен.

Екі әйел адамның денесінде жарақаттар болмады, сау шықты, ал ер адамның қолы мен аяғы бетонға қысылып қалған. Өзімізбен апарған құрал-сайманның көмегімен бастырылып қалған кісіні шығарып алдық. Бұған дейін мүгедек болған жан екен. Ол адамға сол жерде суын беріп, шығарып, дереу жедел-жәрдемге тапсырдық.

Біз алты қабатты екі үйді түгел тексеріп шықтық. Жанында құлауға шақ тұрған үйлер де бар»,-деді ол.

Құтқарушылар қираған үйлерден 3-4 шақырым әрі тігілген шатырда түнеген. Онда қазақстандық мамандардан бөлек, Араб Әмірлігінен, Үндістаннан, Испания мен Канададан келген құтқарушылар да болған. 

Қос құтқарушы да Түрік еліне тағы да көмек қажет болса, құрал-саймандарымызды алып қайта баруға сақадай-саймыз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары