Биыл Қазақстанда 18 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан
Елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі

Биыл Қазақстанда 18 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 3 есеге артты. Олардың 60%-ы бойынша полиция жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмады. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арызсыз полиция қызметкерлері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Нәтижесінде агрессорлардың жазасыз кетуі дендейді», - деді Ренат Зұлқайыров.
Ол атағандай, қол жұмсау әдетке айналады. Бұл одан да ауыр нәтижеге алып келеді.
«Биыл тұрмыстық салада 18 кісі өлтіру қылмысы тіркелді. 2022 жылғы қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берді. Бұл Президенттің сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапты», - деді Зұлқайыров.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі.