Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің денесі елге 11 ақпанда жеткізіледі
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан Әділ мен Мирболаттың денесі 11 ақпанда елге жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың денелерін отанға жеткізу үшін барынша көмек көрсетеді. Біздің отандастарымыздың денелері 11 ақпанында Анталия-Алматы тұрақты рейсімен Қазақстанға жеткізіледі деп күтілуде. Барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алады»,-деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ал жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярова қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында. Кеше оған зақымдалған қолына операция жасалды, денсаулық жағдайы тұрақты.
ҚР СІМ мәліметнші, соңғы 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды, оның ішінде 58 ел азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілді.