Алматыда 8 жастағы оқушы қалам ішіндегі серіппені жұтып қойған
Бала бірден ауруханаға жатқызылып, тиісті шаралар жасалды
Алматыдағы қалам ішіндегі темір серіппені жұтып қойған 8 жастағы оқушы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл жағдайда түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
8 жастағы бала аузына салып шайнап отырған қаламның серіппесін күлген кезде жұтып қойған. Тыныс алуы нашарлап кеткен баланы мамандар тексеріп, кеуде қуысының рентгенографиясын жасады. Рентгенограммада оң жақ бронхта бөгде зат бар екені анықталды. Бірден ауруханаға жатқызылып, манипуляцияға дайындық жасалды.
«Жалпы анестезиямен қатаң трахебронхоскопия жасалды. Оң жақ негізгі бронх бөлігінен жанама зат (серіппе) анықталды. Айта кету керек, негізгі бронхтардағы бөтен денені диагностикалау өте қиын. Серіппе арнайы «крокодил» қыстырғышымен алынады», - дейді №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.
Оның айтуынша, тыныс алу жолдарындағы бөгде заттар бала кезде жиі кездесетін патология. Көбінесе ондай жағдай 1-15 жас аралығындағы балалар арасында кездеседі. Балаларда 70-80% жағдайда бөтен денелер трахея мен бронхтарға «жылжып», тыныс алу жолдарының ішінара немесе толық бітелуіне әкеледі.
Басқа жағдайларда бөгде зат дауыс байламдарының үстінде, жұтқыншақ, кеңірдек деңгейінде тұрып қалады. Үлкен заттар жөтелді, асфиксияны тудырады, сөйлеу функциясы бұзылып, баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
«Бөтен денелерді алып тастағаннан кейін кейбір науқасқа оңалту шараларын жасау қажет болады. Ал асқынған бөгде денелерді алып тастағаннан кейін микробқа қарсы препараттарды профилактика ретінде қолдану қажет. Болжам көбінесе науқастың жасына байланысты. Мұндай жағдай нәрестелер мен өмірдің алғашқы жылдарындағы балалар үшін өте ауыр. Балаға тамақ ішу кезінде сөйлесуге, күлуге, жүгіруге рұқсат етпеңіз. Кішкентай балаларға ұсақ ойыншықтар мен ойыншық бөлшектерін, сағызды аузына салуға жол бермеңіз», - деп кеңес береді дәрігер.