ШҚО-да екі зейнеткер Қазақстан аумағынан шығарылды

Azattyq Rýhy

Былтыр қос азаматтықпен жүрген 60-қа жуық адам анықталған

ШҚО-да екі зейнеткер Қазақстан аумағынан шығарылды
Фото: balashover.ru

Шығыс Қазақстанда өткен жылы қос азаматтықпен жүрген 60-қа жуық адам анықталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ШҚО ПД көші-қон қызметі хабарлағандай, облыс аумағында қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша күнделікті жұмысты жалғастырып жатыр. Басқа елдің азаматтығына кірмес бұрын ҚР азаматы қазақстандық азаматтықтан бас тартуы қажет екені туралы атап өткен жөн. Ол үшін 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарын өзге мемлекеттің азаматтығын алу жоспарланғаны туралы хабарлап, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет.

«Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстанның кейбір тұрғындары бұл рәсімді елемейді, сондықтан қос азаматтық фактілерінің өсуі байқалады. Мысалы, 2022 жылы ШҚО ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері 60-қа жуық қос азаматтықпен жүргендерді анықтаған, сонымен қатар 2023 жылдың қаңтарында құқық қорғау органдары қос азаматтығы бар 6 құқық бұзушыны анықтады», - дейді ведомство өкілдері.

Қос азаматтықтың бірнеше себептері бар: бұл – карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекарадан кедергісіз өту, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда шұғыл эмиграция мүмкіндігі, материалдық артықшылықтар алу. Атап айтқанда, зейнетақы есебі, балалар туылған кездегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік жағдайлар.

«Мысалы, осы жылдың қаңтар айында Шемонаиха ПБ қызметкерлері екі зейнеткерді анықтаған, олар 2022 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын алып, ол туралы ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне хабарлама жасамаған. Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен жеке куәлігін тапсырмай ҚР азаматтығы туралы заңнаманы бұзған. ҚР ӘҚбтК-нің 496-бабы бойынша ресейліктер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.