Жамбыл облысында 19 млн теңгенің заңсыз спирті сақталған қойма анықталды
Аталған дерек бойынша шаруа қожалығының 51 жастағы иесі тексерілді

Жамбыл облысында құны 19 млн теңгені құрайтын этил спирті бар заңсыз қойма анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 қаңтарда Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, Меркі ауданы Қостоған ауылының шекара маңында орналасқан шаруа қожалығынан заңсыз сақталған этил спиртін анықтады.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қойма ретінде жабдықталған сарайда көлемі 1 тонна болатын 8 бөшкедегі 8 мың литр этил спиртін тауып, тәркіледі. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 214-бабы 1-бөлігі (Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, контейнерлерден алынған үлгілер тамақ шикізатынан тазартылған этил спирті екендігі анықталды. Құрамында спирті бар 8 мың литр өнімнің нарықтағы құны орташа есеппен 19,2 млн теңгені құрайды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері шаруа қожалығының 51 жастағы иесін анықтады. Қазіргі уақытта істің толық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.