СҚО-да өлі табылған нәрестенің анасына қатысты жаңа деректер шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Әйел өзінің қыз бала туғанын ешкімнің білгенін қаламаған екен

Дәрігерлер Солүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Обуховка ауылында өлі табылған нәрестенің анасы туралы жаңа деректерді жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.   

Аймақтың денсаулық басқармасының өкілдері 1992 жылғы әйел өзінің жүкті екенін жасырып келгенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, Обуховка ауылының тұрғыны өзінің қыз бала туғанын ешкімнің білгенін қаламаған екен.

Айта кетерлігі, әйел нәрестесін дәрігерлердің қатысуынсыз босанған.   

«Тайынша аудандық ауруханасындағылар әйелдің есепте тұрмағанын, жүктілігін дәрігерлерден жасырып келгенін мәлім етті. Ол үйінде босанған, алайда көп ұзамай жағдайы нашарлап кеткен соң ауылдық фельдшердің көмегіне жүгінген. Ол оны ауруханаға жеткізген. Сол жерде оның енді ғана босанғаны белгілі болады, алайда нәрестесі өзімен бірге болмаған екен. Одан баласы туралы сұрастырған соң дереу полиция шақыртылды, артынша нәрестенің денесі қораның артынан табылды», - дейді ведомство өкілдері.

Нәрестенің өліміне себепкер басты күдікті ретінде оның туған анасы аталып отыр. Қазіргі уақытта әйел аудандық ауруханада жатыр. 

Айта кетсек, 25 ақпан күні Тайынша ауданына қарасты Обуховка ауылында нәрестенің жансыз денесі табылған еді. Баланың денесі салынған пакет тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы қораның артынан табылған.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабы «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» бойынша іс қозғалды. Баланың неден өлгенін анықтау үшін оның денесі сот-медициналық сараптамасына жөнелтілді.