Екібастұз тұрғыны мешіттегі садақа жәшігінен ақша жымқырған

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті 3 жарым жылға сотталды

Фото ашық дереккөзден

Мешіттегі садақа жәшігінен ақша жымқырған Екібастұз тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Azattyq ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2022 жылғы 17 сәуірде сағат 14:00 шамасында белгісіз адам Екібастұз қаласының Бәйет ауылындағы мешітке тиесілі 200 мың теңгені жасырын ұрлап әкеткен.

«Полицияға арыз келіп түсті. Ұрлық фактісі тіркелді, тергеу бөлімшесі Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Істі тергеу мүліктік қылмыстарды тергеп жатқан Екібастұз қаласы полиция басқармасының тергеушісі Саят Қажиевқа тапсырылды», - деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Валентин Брімжанов.

Жүргізілген тергеу іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Екібастұз қаласының жұмыс істемейтін 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Мас ер адам айналасындағылардан жасырын түрде мешітке заңсыз кіргені анықталды. Онда балғамен садақаға арналған металл жәшігінің аспалы құлпын бұзып, сол жерден 200 мың теңге сомасында ақша қаражатын жасырын ұрлап кеткен. Ұрланған мүлікпен ол қылмыс орнынан қашып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсады. Кейін іс материалдары сотқа жіберілді. Азамат О. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотпен кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатылды.

Сондай-ақ, бас бостандығын шектеу кезеңінде сотталған адамның бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның хабарламасынсыз тұрақты жерін, жұмысын, оқуын ауыстыруға және басқа жерлерге баруға құқығы жоқ. Еңбек міндеттерін атқару және медициналық мекемелерге жүгіну жағдайларын қоспағанда, сағат 22:00-ден 07:00-ге дейінгі уақыт кезеңінде тұрғылықты жерінен кетпеу керек. Спирттік ішімдіктер сатылатын ойын-сауық орындары мен дүкендерге бармау, сондай-ақ белгіленген күндері пробация қызметіне келу міндеттелді.

Айта кету керек, өткен 2022 жылы Павлодар облысының аумағында 1394 бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері тіркелген, оның ішінде 260 факті Екібастұз өңірінде тіркелді.