Ол өткен жылдың қазан айында полиция қызметіне көпқабатты үйде бомба қойылғаны туралы жалған хабар берген
Көпқабатты үйде бомба қойылғандығын хабарлап, тұрғындар мен арнайы қызмет мамандарын әуреге салған петропавлдық жалған терорист жазасын өтеуді бастады. Енді ол 2020 жылға дейін пробация қызметінің рұқсатынсыз қала аумағынан шыға алмайды. Кешкі 19:00-ден таңғы 8:00-ге дейін үйде болуға міндетті және көше сыпырып, қар тазалайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өткен жылдың 28 қазанында 32 жастағы қала тұрғыны полиция қызметіне көпқабатты үйде бомба қойылғанын хабарлайды. Арнайы қызмет мамандары жүз адамды эвакуациялаған. Оның үштен бірі бала. Оқиға орнында полиция қыметкерлері, құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істеді. Саперлер, кинологтар мен қызметтік иттер үйді түгелімен тексеріп шыққан. Алайда жарылғыш заттың өзі түгілі ізі де табылмаған. Жедел уәкілдер жалған террористің кім екенін жылдам анықтады. Жұртты дүрліктірген күдікті мас күйінде ұсталды.
17 қаңтар күні сот болып, күдіктінің қылмысы дәлелденді. Қылмыскердің бас бостандығына екі жылға шектеу қойылды және 100 сағаттық мәжбүрлеп еңбекке тарту жазасы кесілді. Ақпан айынан бастап сот үкімі күшіне енді.
«Терорлық акт дайындалып жатқандығы туралы жалған хабарлама таратқандар өз ісі үшін жауапкершілікке тартылатынын айтқым келеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-ші бабы бойынша қылмыскерлерге айыппұл салып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық жауапкершіліктен психикалық ауытқушылығы бар және оны арнайы сараптама арқылы дәлелдегендер ғана босатылады. Олар мәжбүрлі түрде емделеді», - дейді СҚО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов.
2018 жылы СҚО полицейлері террорлық акт туралы 10 жалған хабарлама алса, өткен жылы осы сынды 3 факті тіркелген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО