«Пәтер алып беремін»: Павлодар тұрғынын танысы сазға отырғызып кетті
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 34 жастағы күдікті ұсталды

Павлодарлық тұрғынның танысы «пәтер алып беремін» деп сазға отырғызып кетті. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, облыс орталығының тұрғыны танысы үй алу мәселесін тез арада шешуді ұсынып, артынан алдап кеткеніне шағымданған.
Жәбірленуші 2022 жылдың шілдесінде ер адаммен танысып, үш ай бойы сөйлесіп жүрген.
«Қыркүйек айында ол әйел адамның әкімдікте тұрғын үйге кезекте тұрғанын біліп, пәтер алуға көмектесуге уәде берген. Осылайша өзінің "қызметтерін" шамамен 1,5 миллион теңгеге бағалаған. Алайда қолма-қол ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай, жоғалып кеткен. Сонда ғана қала тұрғыны алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді, - деді департаментте.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер облыстың 34 жастағы тұрғынын ұстады.
Полиция департаменті азаматтарды алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмау және осындай фактілерден аулақ болу үшін сақтық танытуға шақырады.